Таяуда С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрында жазушы- журналист, драматург Мархабат Байғұттың «Ауған қасіреті» спектаклі көрермен көпшілік назарына ұсынылды. Спектакльге Ауғаныстан соғысына қатысқан жезқазғандық ардагерлер арнайы шақырылды.

Аталған спектакль театр сахнасында 2006 жылы қойылып, кезінде көрерменнен оң бағасын алған болатын.Спектакльді қойған ҚР халық артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досжан Жанботаев биыл Кеңес әскерінің Ауғаныстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына байланысты актерлер құрамы мен оқиғалардың сахналық шешіміне ішінара өзгерістер енгізіп, спектакльді көрермен назарына қайта ұсынды. Спектакльді көремен өте жылы қабылдады.

Мархабат Байғұтқа Ауған тақырыбына арнап пьеса жазуға кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының Ауғаныстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы болған Қ.Тұлғаев өтініш білдірген екен. Ардагердің сөзін жерге тастамаған драматург бұған дейін көп жазыла қоймаған соғыс жайлы көп ізденіп, екі бөлімнен тұратын пьеса жазып шығарды. Бұл пьеса бейтаныс жердегі беймәлім соғыста құрбан болған қазақстандық жауынгерлердің рухына арналған.

Қазірге деректерге көз жіберсек, КСРО қарулы күштерінің Ауған жеріне басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғу салдарынан тұтанып, 1979 жылдан 1989 жылға дейін созылған Ауғаныстан соғысында Қазақстаннан 22 000 жауынгер «интернационалдық борышын» өтеп, оның 924-і қаза тауып, 21-і хабарсыз кеткен екен. Мүгедек болып оралғаны қаншама?!

Спектакль оқиғасы жауынгерлердің Амудариядан өтер кездегі дарияның мұздай суына кетіп қала жаздаған оқиғадан басталады. Бірақ бұл алда көрер қиындықтың басы ғана еді. Соғыс жайлы кітаптан оқып, кинодан ғана көрген, ауыздарынан ана сүтінің дәмі кете қоймаған өрімдей жасөспірім бозбалалар соғыстың ойын емес, нағыз шындық екенін осында түйсінеді. Он сегіз, он тоғыздағы балаң бозбалалардың алғашқыда соғыстың суық жүзіне қарай алмай, жүрексінген тұстары болғанымен, кейін қарсы келген «дұшмандарға» қарсы тұрып, қайсарлық көрсетіп, ерлікпен тойтарыс береді. Ажалға бетпе-бет келген кездері қатар жүрген талай достарынан қапияда айрылып қалып, мүгедек болып қалғанын көзбен көреді. Осының барлығы оларды шыңдай түседі. Бұл ретте командир Маратханның (Мәдениет қайраткері Е.Бәйдешев) әкелік қамқорлығы мен темірдей тәртібі, оқу бітіре салып, лейтенант шенін алып Ауғаныстаннан бір-ақ шыққан сыршыл сезімдің ақынжанды Рахман мен (Ж.Арыстанбеков), салмақы да сабырлы сержант Серікжанның (К.Абильдин) қол астындағыларға деген жанашырлығы, достық пейілдері ерекше танылады.

Спектакль оқиғасына сай жауынгерлердің ұрыс кезіндегі әрекеттері және соғыстан тыныстаған сәттердегі бір-бірін қағытқан әзіл-қалжыңдары, бір-біріне деген жанашырлығы, достарынан айрылған кездегі ішкі жан дүниелерінің шиыршық ата қиналуы – барлығы өмірдің өзіндей шынайы шыққан. Жалғыз баласы Рахманның қазасын естіген сәттегі әкесінің (С.Бұлғақбаев) күйзелісі, екі аяғынан айрылып, мүгедек болып оралған Серікжанның (К.Абильдин) болашағынан үміт үзіп, сөнген сенімін көрсетер тұстағы актерлердің шеберліктері көременге ерекше әсер етті. Олар да сахнадағы оқиғамен біте қайнасып кеткендей, жүректері толқи отырып, спектакльден ауыр оймен шықты.

Спектакльде Қазақстанның еңбек сіңірген артисі С.Бұлғақбаев (Рахманның әкесі), Мәдениет қайраткері Е.Бәйдешев (командир Маратхан), мождахед (Мәдениет саласының үздігі Ж.Бірмұханов) сияқты ардагер артистерімен қатар, сахнада тәжірибе жинақтап қалған К.Абильдин, Ж.Арыстамбеков және театр жастары Н.Бейісбеков (Нұржан), М.Сәденов (Мирқодир), Е.Жанатов (Жартыбай), С.Оспанов (радист), А.Бөлекбаев (Құрманов), Қ.Бейсенбай (Сәлима), А.Бергенова (Айгүл), А.Жарқынбеков (Оқас) спектакльдің сәтті шығуына үлестерін қосты.
Ү.Молдаберген,
театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Іздеу

Сүйікті өрнек

zhanbotaev d

Жанботаев Д.А.

"Өнерде шекара жоқ. Барлық уақытта, барлық елде ол мейірім, махаббат, әділеттілік идеалдарына қызмет етіп, биік адамгершілік құндылықтарды бекітті. Мәдениеттің санқырлылығын сақтау, ұлттық болмыс пен ұлттық дәстүр, туған жер мен өз тарихына деген сүйіспеншілікке тәрбиелудегі өнердің маңыздылығын бағаламау мүмкін емес."
Олжас Сулейменов

 

Сүйікті өрнек

zhanbotaev t

Жанботаев 
Т.Д.

"Қаламаған кәсіппен жаныңды қинама. Кәсіп басынан бастап ыңғайлылыққа емес, сүйіспеншілікке құрылу керек. Тым кеш болмай тұрғанда есіңе сақта, кәсібің - жай ғана іс емес, бұл –өмірлік мұратың, бұл –бар ғұмырың."
Харуки 
Мураками