Таяуда С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының іргетасын қалаушылардың бірі, ҚР халық артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанботаев Досжан Әбдірәлімұлы 70 жасқа толды.
Актердің мерейтойына орай қаладағы Қ.Шыңғысов атындағы №5 орта мектеп оқушылары мен ұстаздарының кездесуі өтті. Кездесуге Д.Жанботаев және бір топ театрдың жас артистері қатысты. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен кездесудің мақсаты оқушыларды өнер майталманы Досжан Әбірәлімұлының шығармашылығымен, театрдың өмірімен кеңірек таныстыру, балаларды өнерге баулу.
Кездесу кешінде Д.Жанботаев өзінің өмірі, өнерге қалай келгендігі туралы әңгімелеп берді. 1972 жылы Мәскеуден М.С.Щепкин атындағы Жоғары театр училищесін бітіріп келіп, бір топ жаспен Торғай облысының орталығы Арқалық қаласында облыстық театрды қалай ашқандары жайлы және театрдың 1988 жылы Жезқазған қаласына қоныс аударғаны туралы, бір театрда қырық жылдан астам уақыт ел руханияты мен мәдениетін көтеруде атқарып жүрген еңбегі, қол жеткізген жетістіктері жайлы жан-жақты әңгімелеп берді.
Театрдың жас артистері Кенжетай Абильдин, Мәди Сәденов,Ардақ Жарқынбеков, Қанағат Бейсембаева оқушыларды қызықтырған сұрақтарға тұшымды жауап беріп, өлең оқыды. Кеш соңы оқушылардың концертіне ұласты.
Театр артистерінің оқушылармен кездесуі алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.