Таяуда С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрында осындай атаумен спектакль премьерасы өтті. Қоюшы режиссері Теміржан Жанботаев. Орыс жазушы-драматургі В.Красногоровтың «Жестокий урок» пьесасы арқау болған бұл спектакль бұдан екі жыл бұрын автордың талабы бойынша орыс тілінде көрермен назарына ұсынылған болатын. Аталған пьеса кезінде халықаралық үлкен резонанс тудырған өмірде болған шынайы психологиялық эсперимент арқау болған.
Спектакльдің орыс тіліндегі нұсқасында ҚР Мәдениет қайраткері Бақытжан Ибраев (профессор Кольцов), жас актриса Гауһар Майрамбек (Алиса) және Жезқазған музыкалық колледжінің актерлік бөлімінің студенттері ойнады. Аталған спектакль бойынша театрдың Қарағанды, Степногорск, Көкшетау қалаларына гастрольдік сапары ұйымдастырылған болатын.

IMG 9818Биыл осы спектакль қазақ тілінде жаңа артистер құрамымен көрерменге жол тартты. Аудармасын жасаған актриса Райхан Ибраева.
Дүние дүрбелеңге толы осынау кезеңде жан түршіктірер жауыздық, төбе құйқаны шымырлатар зұлымдық жайлы теледидардан көріп, баспасөз беттерінен көп оқитын болдық. Қажетсіз соғыс, лаңкестік, кепілдіктегі адамды азаптау, діни араздық, ұлтаралық өшпенділік, жаппай қыру, азаптау, өлтіру– қазір неліктен өршіп тұр? Оның түп төркіні неде? Көбіне мұндай әрекетке кімдер барады? Міне, бүгінде адамзатты алаңдатып отырған осы жаһандық мәселе – профессор Кольцовтың психологиялық экспериментіне арқау болған. Кольцов адам бойындағы қатігездіктің әлеуметтік және психологиялық негізін анықтап, адамгершілік ізгі қасиеттің ар-ожданға жат, қатігездікке ұласып кету шегін эксперимент арқылы анықтаудың, бұл дүниенің не боп бара жатқанын адамдарға түсіндіруді мақсат етеді.
Эксперимент басталар алдында профессор (арт. Жәнібек Аристамбеков) екі шәкіртіне:
- Сендердің міндеттерің сабақты соңына дейін жеткізу, яғни «оқушымен» бірге үзіндіні толық жаттап шығу және оны мүмкіндігінше қысқа мерзім ішінде жүзеге асыру. Оқушы мәтінді тез жаттап алса, сендердің педагогтық қабілеттерің соншалықты жоғары бағаланатын болады,-деп, зерттеу жұмысының мақсатын түсіндіреді. Ұстаз сөзін екі етпеген шәкірттері Кира мен Михаил (арт. Тоғжан Нұртаза, Нұржан Бейісбеков) оның тапсырмасы бойынша ғылыми экспериментке қатысушы әйелді (арт. Гүлдер Алиева) шығармадан үзінді жаттату барысында қателескені үшін «электр тогын қосу» арқылы азаптайды. Эксперимент кезінде кейіпкерлердің әрқайсысының шынайы бет-бейнелері мен бітім-болмыстары айқындалып, жасалған тәжірибе олардың жеке тағдырларына ерекше әсерін қалдырады.
Актриса Тоғжан Нұртазаның Кирасы қарапайым отбасынан шыққан. Университеттің шәкіртақысымен күн көріп, кейде мейрамханаларда даяшы болып қосымша еңбек етіп, қаражат тауып, күн көріп жүрген шәкірттердің бірі. Ал Михаилдың (арт. Нұржан Бейісбеков) әкесі - бизнесмен. Бай отбасында ешқандай кемдік көрмей өскен жас жігіттің мақсаты дипломға қол жеткізу. Мақсаты - болашақта мамандығы бойынша жұмыс істеу емес, әкесінің бизнесін дамыту. Оның Кирада ойы бар, сондықтан экспериментке профессор айтқан Наташаны емес, Кираны ертіп келеді.
Жайымен басталған спектакль оқиғасы біртіндеп қоюлана түседі. Өткір оқиға залдағы көрерменді бір сәт уысынан шығармайды. Олардың да жан дүниелері кейіпкерлермен бірге ширығып, сахнадағы оқиғаның немен аяқталарын тағатсыздана күтеді.
Жаны нәзік, мейірімді Кира Алисаның (арт Гүлдер Алиева) қиналғанына шыдай алмай экспериментті жалғастырудан бас тартады. Ал Михаил ол қиналған сайын құлшынып, электр тогының күшін 300 вт.жеткізеді және бұл ретте «тапсырма берген Сіз» деп ұстазын кінәлап, өзін ақтап алуға тырысады.

IMG 9953
Бір қарағанда спектакль оқиғасы тым қарапайым секілді көрінеді. Тек спектакль соңында ғана бір сағат уақыт көрерменді және кейбір кейіпкерлерді қорқыныш қыспағынан шығармаған оқиғаның күткендегіден басқаша сипат алғанына куә боласыз. Кейіпкерлерді де, көрерменді де тапжылтпай уысында ұстаған үрейден арылып, оның бар болғаны іскерлікпен жүзеге асырылған ойын екенін түсінесіз.
Спектакльде бар болғаны төрт-ақ кейіпкер бар: профессор Кольцов, оның ассистенті Алиса және студенттер Кира мен Михаил. Соған қарамастан біртіндеп ширыққан оқиға көрерменді бей-жай қалдырмайды. Бұл жерде пьеса оқиғасымен қатар, режиссерлік шешім, артистердің ойыны бір-бірімен үндесіп, спектакль оқиғасының көрерменге шынайы жетуіне үлес қосқан.
Профессор Кольцовты алғашқыда тым қатігез жан деп қаласыз. Ақшасы төленген деп, адамды осынша қинауға бола ма деген сұрақ тұрады көрермен көкейінде. Профессорды ерекше сыйлайтын, жүрек түкпірінде оған деген жылы сезімі бар Кира да оны экперимент барысында қатігез жан ретінде қабылдайды, соңында ғана шынайы болмысын таниды.
Артист Жәнібек Аристамбеков рөлін барына шынайы жеткізе алды. Салқын қанды, сабырлы, ғылымға шын берілген, университет басшыларының қарсылығына қарамастан осы экспериментті жасап, адамзатты жауыздықтан, қатігездіктен алып қалудың жолдарын қарастырған ғалым ретінде сомдады кейіпкерін. Профессордың ойынша кез-келген адам бойында белгілі бір мөлшерде қатігездік нышаны болады. Кейде ол жауыздыққа ұласып, адам өлтіруге де қабілетті болуы мүмкін. Ал оған қозғау салатын не? Қатігездіктің механизмін іске қосатын қандай күш? Кольцов эксперимент соңынан шәкірттеріне эксперимент нәтижесінде ойға түйгенін былай жеткізеді:
– ...Қылмысты қандай адамдар жасайды? Машиналарды, ұшақтарды қандай адамдар жарады, балалар отырған автобустарды тас-талқан етіп, әйелдерге, саясаткерлерге кім оқ атады? Көп жағдайда – ізгі ниетті азаматтар, адал, момын, ынжық. Өздері әйелдерін, балаларын жақсы көреді, жануарларды аяйды, құдайға сенеді. Моцартты тыңдайды. Бір ғажабы, бұл қылмыскерлердің беттері де шімірікпейді ғой. Өйткені олар бұйрықты орындады. Сондықтан мен «Тәжірибе» «Тіл алғыш» деп атадым.
Бұл тәжірибенің түпкі мақсаты: баскесерлердің айтақтауымен, жазықсыз жандарды азаптаушылар, сол сәтте өшпенділік сезімін тежей ала ма? Тежесе, адамды қандай күйге жеткізіп барып тоқтайды?
Психологиялық түйінді біртіндеп шеше отырып, көрермен кейіпкерлермен бірге тереңде жатқан, ешкімге көрсеткісі келмейтін адам жанының құпия, ұнамсыз жақтарына көз жібереді, еріксіз өз жанына үңіледі, кейіпкердің орнына өзін қояды: Осындай жағдайда мен не істеген болар едім?-деген сұрақ тұрады ойлы көрермен көкейінде. Бұл туралы режиссер Теміржан Жанботаев былай дейді:
-Залда отырған көрерменнің ең болмағанда бесеуі қойылымның мәні мен мақсатын түсініп, одан тиісті қорытынды жасайтын болса, онда мен режиссер ретінде мақсатына жеттім деп есептер едім.
Біздің де режиссер пікіріне алып-қосарымыз жоқ. Қатігездік, жауыздық өмірдің бір бөлшегіне айналған осынау кезеңде адамгершілік асыл қасиеттерімізді жоғалтып алмай, ұрпақ бойына ізгілік, мейірімділік дәнін сіңіре алсақ, дүниені жайлаған қатігездікке тоқтау болар, бәлкім?! Онда профессордың азапты сынағы да мақсатына жеткен болар еді.

Үмітай Молдаберген,
театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Іздеу

Сүйікті өрнек

zhanbotaev d

Жанботаев Д.А.

"Өнерде шекара жоқ. Барлық уақытта, барлық елде ол мейірім, махаббат, әділеттілік идеалдарына қызмет етіп, биік адамгершілік құндылықтарды бекітті. Мәдениеттің санқырлылығын сақтау, ұлттық болмыс пен ұлттық дәстүр, туған жер мен өз тарихына деген сүйіспеншілікке тәрбиелудегі өнердің маңыздылығын бағаламау мүмкін емес."
Олжас Сулейменов

 

Сүйікті өрнек

zhanbotaev t

Жанботаев 
Т.Д.

"Қаламаған кәсіппен жаныңды қинама. Кәсіп басынан бастап ыңғайлылыққа емес, сүйіспеншілікке құрылу керек. Тым кеш болмай тұрғанда есіңе сақта, кәсібің - жай ғана іс емес, бұл –өмірлік мұратың, бұл –бар ғұмырың."
Харуки 
Мураками