Биылғы Жастар жылы аясында ұйымдастырылған «Мен – жас қазақстандықпын» қалалық форумында жетістіктерімен ерекшеленген бір топ жас түрлі аталым бойынша үздік деп танылды.
Солардың бірі – С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының жас актері Нұржан Жаруллаұлы Бейісбеков. Ол форумның «Жылдың үздік актері -2019» номинациясына ие болды.
Бейісбеков Нұржан 2014 жылдан театрда еңбек етіп келеді. Жезқазған музыкалық колледжінің актерлік бөлімінде оқып жүріп-ақ талапты жас театрдың спектакльдерінде көпшілік сахнада, эпизодтық рөлдерді ойнап жүрді. Театрдағы бес жылдық еңбек жолында жиырмадан астам рөлдерді сомдапты. Олардың ішінде К.Ахметовтың «Қанда бар ғой, қанда!» драмасында - Марат, Э.Шмиттың «Тәңірге хатында» - Эйнштейн, М.Байғұттың «Ауған қасіретінде» - Н.Құрманов, С.Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдығында»- Жұмат, К.Әбдірахманның «Кетбұқасында»- Жошы, Ю.Хугаевтің «Қара шекпен» спектакліне - Бэбэ, Р.Киплингтің «Мауглиінде» -Маугли, А.Коровкиннің «Тәтелерінде» -Эрик, Ғ.Жайлыбайдың «Қара орамалында» -ақын, Ә.Оразбековтің «Бір түп алама ағашында» -Мақсат, Д.Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесуінде» - Ертай бейнелерін жастық жігермен шынайы ойнап шықты. Нұржан биылғы жаңа спектакльдер – Ш.Айтматовтың «Шыңғыс ханның ақ бұлтында» -Теміршіннің, Л.Егембердиеваның «Көресіңді көрмей...» спектаклінде –жас Өмірсеріктің образдарын тамаша сомдап шықты. Теміршіннің образы театрда 15-19 қазан аралығында өткен Ж.Хаджиев атындағы Халықаралық театр фестивалінде қазылар алқасынан атап өтілді. Еңбегі жеміссіз емес.
2012 жылы Қарағандыда өткен аймақтық «Театр - балалар көзімен» фестивалінде А.Волковтың «Меруерт шаһарының сиқыршысы» спектакліндегі Тотшка рөлі үшін «Үздік эпизодтық ер рөлі» номинациясын иеленді.
2015 жылы Сәтбаев қаласында өткен республикалық Өтжан би атындағы «Би шешендер – елдіктің алтын діңгегі» жыр-толғау оқушыларының фестивалінде жүлделі І орынға ие болды.
2017 жылы Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
2019 жылы Қарағанды облысы мәслихатының депутаты, кәсіпкер, өнер мен мәдениеттің шынайы жанашыры, меценат Бекзат Алтынбеков тағайындаған «Тұлға» сыйлығына ие болды.